Кеше Ақмола облысы Жарқайың ауданында "Охотзоопром" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьерлердің қолынан қаза тапты. 43 жастағы қорықшының артында жары, төрт баласы еңіреп қалды. Тағы бір қорықшы жараланып, ауруханада жатыр. Ақмола облыстық Полиция департаменті күдікті ретінде Арқалық қаласының тұрғындары – әкесі мен баласының ұсталғанын хабарлады. Қазір тергеу жүруде.
Бұл осы жылдағы алғашқы оқиға емес. Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында қызмет барысында қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің қазасы табиғат қорғаушыларының өзі қорғауға мұқтаж екенін көрсетті.
"Құлқынды тескір ақша"
Елде киік аулауға тыйым сонау 1920 жылдары салынған болатын. Соның арқасында киелі жануар саны 60 жылдары 2 млн-нан асты. Бірақ соңғы жылдары көзі мөлдіреген сұлу жаратылыс иесінің саны күрт төмендеп кетті. 2018 жылғы дерекке сай ақбөкендердің саны бар болғаны 200 мыңнан асады. Бұл ел ілінше "мүйізді мафия" деп аталатын көрігі қызған қылмыстың кесірі. Браконьерлерді желпінтіп жүрген сол құлқынды тескір ақша. Сенатор Әлімжан Құртаевтың айтуынша, киік мүйізінің бір келісінің құны 200 мың теңгеден басталады. Қытайда тіптен 3-5 мың долларға дейін саудаланады. Оған шығыс медицинасында киік мүйізі дәрілік зат ретінде ежелден қолданылатыны себеп.
Заң кімді қорғайды, қорықшыны ма, қылмыскерді ме?
Қазақстан заңнамасы бойынша бір киікті атқан адамға қолданылатын жаза – 300 айлық есептік көрсеткіш есебіндегі айыппұл. Яғни – 757 500 теңге. Үлкен көлемдегі қылмысқа барғандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Браконьерлер автокөлік жолына шығып қашса, оны қууға, тоқтатуға, оқ атуға қорықшының құқығы жоқ. Инспекторларға қару қолдануға тыйым салынған. Тек қылмыскер бірінші болып оқ атып, өміріне қауіп төндірген жағдайда ғана оқ атуына болады. Ұсталған қылмыскерлердің көлігі мен қаруын кәмпескелеуге соттар шешім шығара алмайды.
"Мүйізді мафия" көбіне құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен ауыз жаласқан деген қоғамдық күдік әбден қисынды. Статистикаға сенсек, 2014-2018 жылдар аралығында браконьерлік фактілер бойынша қылмыстық істердің саны 70-тен 154-ке, яғни 2 есеге өскен. Бірақ "аңшылардың" заңды айналып өту деректері жиі ұшырасады. Айталық, соңғы үш-төрт жылда 3 мыңға жуық ақбөкен атылыпты. Одан келтірілген шығын көлемі 3,5 миллиард теңгені құраған. Қолға түскен 800 күдіктінің бар болғаны 17-сі бостандығынан айырылып, 158-інің бас бостандығы шектеліпті. Қалғандары дәлел-дәйек жетіспейді деген желеумен жазадан сытылып кеткен. Осылайша заңның солқылдақтығынан киік ату қылмысы өршіп тұр.
Елдегі киіктердің мекен ету аумағы – 100 миллион гектар. Әрбір инспектер бақылауы тиіс аумақ көлемі – 6 миллион гектер. Ауысыммен жұмыс істейтін қорықшылар бір ауысымға 6 адам, 2 автокөлікпен шығады екен. Жұмыс жүктемесі болса, бірнеше есе артық.
Саладағы көкейтесті түйіткілдердің бірі – жануаруар дүниесін қорғаушыларға лайықты жағдайдың жасалмауы. "Охотзоопром" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың материалдық-техникалық жағдайы мүшкіл халде. Олардың иелігіндегі техникалардың басым көпшілігіның тозығы жеткен. Тікұшақтар орман шаруашылығына ғана пайдаланылады. Басын қатерге тігіп қызметке шығатын инспекторлар заманауи байланыс, қашықтан көру және басқа да қажетті құралдармен жабдықталмаған. Өмірі үнемі қауіп үстінде жүретін қорықшылардың орташа жалақысы – 60-70 мың теңге. Соған қарамастан инспекторларға ешқандай әлеуметтік артықшылықтар қарастырылмаған.
Пікір қалдыру